Германия Федералды Канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» компаниясы арасында жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және SKYHANSA басқарушы серіктесі Юрген Грецбах қол қойды.
Жоба әуежай инфрақұрылымын салудың үш кезеңдік бағдарламасын қарастырады. Бұл бағдарлама сағатына 500 адамды қабылдай алатын жолаушылар терминалының, жылына 550 000 тоннаға дейінгі отын қоймасының, жылына 250 000 тонна жүк өңдейтін жүк терминалының, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету орталығының құрылысын және туристік, сауда-ойын-сауық қызметтерін дамытуды қамтиды.
Жобаның жалпы жеке инвестициялары 500 млн АҚШ долларынан асады деп жоспарлануда, нәтижесінде 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
Қазіргі уақытта Жетісу облысының әкімдігі әуежай құрылысы үшін жер телімін бөліп отыр, инвесторлар инвестициялық келісімге қол қойғаннан кейін жобаны іске асыруды бастауды жоспарлап отыр.