Президент Жолдауындағы авиация саласына қатысты маңызды міндеттер

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында авиация инфрақұрылымын жаңғырту мен дамытуға ерекше тоқталды.
Соңғы жылдары еліміздің әуе көлігі саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары ашылды. Жақын арада Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталса, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр.

Бұл жобалар өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, туризмді дамытуға және халықтың сапалы әуе қатынасына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Президент авиацияның тек жолаушылар тасымалы ғана емес, жүк тасымалы саласын да дамыту қажет екенін ерекше атап өтті. Әлемде қарқынды дамып келе жатқан бұл бағыт еліміз үшін зор экономикалық әлеуетке ие. Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру, халықаралық логистика тізбегіне ену және әуе хабтарын дамыту Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік-логистикалық орталыққа айналуына жол ашады.

Қазақстан Азаматтық авиация қауымдастығы Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, авиация саласының тұрақты дамуына, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсету сапасын арттыруға белсенді түрде үлес қосатын болады.

ПОДЕЛИТЬСЯ