Әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асырылған жоба өңірдің сауда-экономикалық, туристік әлеуетін дамытуға және көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етуге ықпал етеді. Жаңа терминалдың іске қосылуы әуежайдың өткізу қабілетін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сай келеді.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистика секторын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде атап өтті. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – бұл тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оның іске асырылуы қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық рейстерді ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмді, сауданы және экономиканы дамытуға оң әсерін тигізеді. Үкімет заманауи және сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу бойынша бизнестің әлеуметтік бағыттағы бастамаларын қолдайтын болады — бұл еліміздің болашағына қосылған үлес», – деді Олжас Бектенов және жобаны қысқа мерзімде іске қосып, қатысқан баршаға алғысын білдірді.
Үкімет басшысы ішкі және халықаралық рейстер жолаушыларын қызмет көрсету процесімен танысты. Аумағы 7500 м2 терминал заманауи технологиялармен – телескоптық траптармен, багажды тексерудің автоматтандырылған жүйесімен және т.б. жабдықталған. Жобаға 20,9 млрд теңге Булат Өтемұратов Қоры арқылы әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде инвестицияланды. Жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңгеден астам қаражат әуежайдың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, автожол құрылысына, аумақты абаттандыруға және жарықтандыруға бөлінді.
«Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Баян Әжмолдаев өңірде жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақытылы іске қосылғанын айтты. Биылғы 9 айда әуежай 265 мың жолаушыға қызмет көрсетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс орындалады (Астанаға 17 және Алматыға 9 рейс). Биылғы маусымда Анталияға (Түркия) халықаралық чартерлік рейс ашылған болатын.
Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жанәлинов Ақтау және Атырау қалаларына қосымша рейстер ашу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Қарағанды» бағыттарын қосу жоспары туралы баяндады.
Өңір қоғамы атынан сөз алған Қызылорда облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жаңартылған әуежайда барлық санаттағы жолаушылар үшін қызмет көрсету сапасы мен қолайлы жағдайлардың маңыздылығын атап өтті.
«Қызылорда облысы мысалында мемлекет тарапынан өңірлерді қолдау шараларының оң нәтижесін көруге болады. Бүгін біздің тұрғындарымыздың көптен күткен арманы орындалды — жаңа әуежай терминалы ашылды. Облысқа ерекше көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына алғысымды білдіргім келеді, бұл барлық салада өсуді қамтамасыз етеді», – деді Серік Дүйсенбаев.